Сүттің жеткіліксіздігі Сүттің жеткіліксіздігі
Жаңа туған нәресте - huggies.kz - icon 01

Сүттің жеткіліксіздігі

Сүт шығаруды арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асырмай тұрып, бұның сізге шынымен де керек екеніне көз жеткізіп алған маңызды.

Сүт шығуды көбейту

Аналардың көбі оларға сүт жетпейді, өздерінің сүттері айтарлықтай нәрлі емес, «сапасы төмен» деп санайды. Статистика бойынша, әйелдердің тап осы сезімдері олардың емізуден бас тартуының ең көп тараған себебі болып саналады. Бірақ, негізінде, аналардың көбі үшін сүт шығару шын мәнінде проблема емес. Баланың мінез-құлқы әртүрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Бұл сүттің мөлшеріне немесе сапасына байланысты бола бермейді. Жылау, мазасыздану, сергек жүру мен қырсықтану көбінде баланың қарны аш болғандықтан емес, тым қатты қозу мен шаршаудың нәтижесі болып табылады.

Сүт шынымен де жеткіліксіз шығарылатын болса, ол көбінесе уақытша проблема. Сүт шығаруды арттырудың тиімді тәсілдері бар, оларды қолдана бастаған соң бірнеше күннен кейін-ақ айтарлықтай нәтиже бере бастайды.

Есіңізде болсын!

Емшектегі сәбилерді тәулігіне 8–12 рет емізу қажет. Бұл қалыпты нәрсе. Емізуді нақты сағат бойынша реттеу немесе емізу санын шектеу әрекеттері ана мен баланы күйзеліске алып келеді, ол болса лактация мен әрі қарай емізудің пайдасына қатысты күдікті тудыра бастайды.

Егер де балаңыздың халі келесідей болса, лактацияңыз дұрыс деген сөз:

  • Ақырындап салмақ қоса бастады. Балалар үшін орташа салмақ қосу туғаннан 3 айға дейін аптасына шамамен 150–200 г, 3–6 айда 100–150 г, 6–12 айда шамамен 70–90 г құрайды.

  • Терінің өңі мен бұлшықет тонусы жақсы.

  • Өзінің кішкентай комбинезондары мен жөргектері сыймай қалды. Аяқтары мен қолдарында кішкентай май қатпарлары бар.

  • Көңілді, бақытты, елгезек әрі қуанышты.

  • Жақсы емеді.

  • Тәулігіне ең аз дегенде 6 жөргекті «былғайды». Бала үлкен дәретке жиі бармауы мүмкін, бірақ егер үлкен дәретінің консистенциясы сұйық болса, бұл оның қарны тоятынын білдіреді.

Неге балалар жиі тамақтанғылары келеді?

  • Жайлылық пен тынышталу үшін. Балалардың ему рефлексі күшті, көбінде тамақтанғысы келгеннен емес, жай емгісі келіп тұрады. Айтпақшы, жиі емізе беруден сүт көбірек шығады.

  • Асқазанының көлемі мен жалпы дене көлемі кішкентай болғандықтан нәрестелер жиі, бірақ аз-аздан тамақтануы тиіс.

  • Нәрестелер қарқынды өсу сатысына кіргенде, олар калорияны көп тұтынулары тиіс. Жиі тамақтандыруды талап ету – өзінің өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету құралы.

  • Сүт жеткіліксіз болған жағдайда. Баланы ойдағыдай емізу ұсыныс пен сұраныс қағидатына негізделеді. Балаға неғұрлым көп сүт қажет болса, ол соғұрлым көп емізуді қажет етеді. Өз кезегінде, анасында емшек сүті неғұрлым көп болса, лактация кезеңі де соғұрлым ұзақ болады.

  • Бала ауырып қалғанда. Емшек сүтінің құрамында табиғи антиденелер бар, ол жұқпалармен күресуге көмектеседі. Жиі тамақтану иммунитеттің нығаюы мен вирустық немесе бактериялық жұқпаны жылдам жеңіп шығуға септігін тигізеді.

Сүттің жеткіліксіз болуының себептері

  • Кеудеге хирургиялық араласу (оны үлкейту немесе кішірейту). Дәрігерлер сүт бездерінің тінін барынша сақтап қалуға тырысқанымен, хирургиялық араласудың жағымсыз салдары бар. Жүйке жолдары мен сүт жолдарының зақымдануы лактацияға қатысты айтарлықтай проблемалар туғызуы мүмкін.

  • Сүт безінің жұқпасы (мастит немесе емшек ұшының уылуы).

  • Баланың ему мен жұтудың күшті әрі үйлестірілген техникасы жоқ.

  • Балаға емшек дұрыс берілмейді. Егер сіз баланы дұрыс емізіп жатқаныңызға сенімді болмасаңыз, медбикенің немесе дәрігердің кеңесін алыңыз.

  • Кейбір препараттарды қабылдау (ішке қабылдайтын контрацептивтер).

  • Ананың ағзасындағы гормондық өзгерістер: етеккір, ұрықтану, гормондық терапия.

  • Жиі емізбегендіктен емшектің сүт шығаруына түрткінің жеткіліксіз болуы.

  • Темекі тарту, ішімдік және есірткі қабылдау.

  • Жүктілік.

  • Кейбір шөп шайларды немесе шөптен жасалған дәрілерді қабылдау.

  • Әйелдің емшек ұштарының аса жоғары сезімталдығы. Бұл емізуді қиындатып, лактацияны басады.

  • Қосымша тамақтандыруды (қатты тағамды) тым ерте енгізу, соның салдарынан бала жақсылап емуге тырыспайды.

Сүт жеткіліксіз шығатын жағдайда не істеу керек

Ең алдымен, ана дүрлікпеуі қажет, себебі күйзеліс сүттің шығуына кері әсер етеді. Дәрігерге немесе емізу жөніндегі кеңесшіге хабарласқан жөн. Сізге сүт шығаруды арттыру бойынша білікті кеңес беріледі.

  • Баланы мүмкіндігінше жиі емізу қажет. Бала сүтті неғұрлым көп емсе, ананың ағзасы соғұрлым көп сүт шығарады;

  • Бездердің қатаюының алдын алу үшін кеудені уқалау;

  • Кейбір дәрі-дәрмектік препараттарды пайдалану. Назар аударыңыз, дәрігер дәріні ананы мұқият тексеріп шыққан соң ғана тағайындауы тиіс.

EmptyView