Сәби ұйықтау әдетін қалай қалыптастырады
Бала өмірінің алғашқы бірнеше аптасы бейімделу кезеңі болып табылады. Біз ата-аналармен болып жатқан өзгерістерге көп көңіл бөлетініміз соншалықты, кейде тіпті балалардың да бейімделіп жатқанын ұмытып кетеміз.
Баланың ұйқы әдеттері
Сәбилер өмірінің алғашқы апталарында тамақтану, ұйықтау мен белсенділік танытудың тұрақты әдеттері болатынын күтпеген жөн. Дегенмен, біз балалардың қаншалықты ұйықтайтынына байланысты оларды «жақсы» және «жаман» деп жиі бөліп жатамыз.
Нәрестенің ұйқысы оның алдағы балалық шағындағы ұйқысы қандай болатынын көрсетпейді. Туғаннан кейінгі қалпына келу, жатырдан тыс өмірге, емуге, ас қорытуға үйренуі және тіпті тыныс алу актісі сәбиден өте көп энергия қажет етеді.
Балалардың қанша уақыт ұйықтау керектігі туралы мамандардың беретін мәліметі тек теория түрінде. Өз балаңызды болмайтын идеалмен салыстырудың қажеті жоқ – бұл тек сіздің сенімділігіңізді бұзатыны сөзсіз. Ұйқыға жалпы көріністің бір бөлігі ретінде ғана қарауға тырысып, оған сәбиіңіздің өмірін жаулап алуға мүмкіндік бермеңіз.
Нені күтуге болады? Және де не қалыпты болып табылады?
Жасқа байланысты балалардың ұйықтау ұзақтығына қатысты абсолютті эталон жоқ. Әдетте, баланың жасы неғұрлым кіші болса, ол соғұрлым көп ұйықтайды.
Нәрестелер тәулігіне 9–18 сағат, 3–6 айлық сәбилер 15–16 сағат, 6–12 айлықтар 13–14 сағат, 1–2 жастағылар 12–14 сағат, 2–5 жастағы балалар 12–13 сағат ұйықтайды. Бірақ есіңізді болсын, бұл тек теория.
Өмірінің алғашқы айында балалардың көбі біршама тыныш болады. Олар ему үшін оянып, тамақтанып алған соң бірден қайта ұйықтап қалады. Екінші айдан бастап олар, әдетте, жиі оянады және күніне бірнеше рет жылайды.
3 айға дейінгі балалар түнде ему үшін оянады. Бұның себебі оларға үнемі сүт керек, ал бір рет емгенде олар сүттің көп мөлшерін бірден қорыта алмайды. Әдетте бөтелкемен тамақтанатын балаларға қарағанда, емшектегі балалар жиі тамақтанады.
Кішкентай балалар күн мен түнді ажырата алмайды. Шамамен тек 6 айдан бастап олар түнде ұзағырақ, ал күндіз азырақ ұйықтайтын болады.
Ата-аналардың көбі сәби өмірінің алғашқы алты айында түнде тұрып, баланы бір рет болса да емізеді. Бұл қалыпты нәрсе. Уақыт өте келе бала түнде ұзағырақ ұйықтай алатын болады.
Ұйқы – балалық шақтың маңызды бөлігі, солай бола тұра біз ұйқы кезінде болатын процестердің бәрін әлі де түсіне бермейміз. Балалар «құс» ұйқы фазасында уақыт көп өткізеді, соның салдарынан түрлі дыбыстар шығарып, қимылдайды. Ұйқы кезінде белсенді болу – балалар үшін қалыпты жағдай.
Балалар ұйқы әдетін қалай қалыптастырады?
Кейбір фактілер
Ұйықтау – табиғи процесс. Күнделікті шаруаларға энергия жұмсап ағза шаршайды, ал ұйқы күшін қалпына келтіруге көмектеседі. Ұйқы кезінде баланың ағзасында белсенді түрде өсу гормондары шығарылады, энергия жиналып, оның әрі қарай жалпы дамуы үшін өмірлік маңызы бар естеліктер бекітіледі.
Әдетте, балалардың шаршап, ұйқылары келгені байқалып тұрады. Осы белгілерге уақтылы көңіл бөлетін байқағыш ата-аналар көп әуреге түспейді
Шамадан тыс шаршаудан бала жылай береді және соның салдарынан оны жұбату да ұзақ болады, ал бұл ата-ананы да, сәбиді де қалжыратып жібереді. Байқампаз әрі мұқият болып, балаңызды түсінуді үйреніңіз!
Кішкентай балалар тамақтанып жатқанда немесе ата-анасының құшағында жиі ұйықтап қалады. Осы ерекше уақытқа сүйсіне қарап, болашақта орын алуы мүмкін проблемаларды уайымдамауға тырысыңыз. Кейінірек баланы қалай тыныштандырған дұрыс екенін ойластыруға уақытыңыз жеткілікті болады.
Тұрақты, болжамды, жүйелі жұбату шаралары дұрыс әдеттерді, бірдей заңдылықтарды қалыптастыруға көмектеседі, олар балаға өзін қауіпсіз сезініп, оны шынымен жақсы көретінін түсінуге мүмкіндік береді.
Кейбір сарапшылар ұйқы генетикаға байланысты деп санайды. Ұзақ ұйықтауды қажет етпейтін ата-ананың балаларында да көбінде сондай әдеттер қалыптасады. Біз балаларымыздың ДНҚ-сын өзгерте алмаймыз, бірақ олардың ұйқысы үшін қолдан келген жағдайымызды жасай аламыз
Сәбилер, әдетте, қараңғы, жақсы желдетілетін бөлмеде жақсы ұйықтайды. Бірақ орынжайды күнделікті инсоляциялау қажеттілігі туралы ұмытпаған жөн, себебі күн сәулесінің әсерінен мида мелатонин – ұйқы гормоны өндіріледі. Сондай-ақ бұл циркадты ырғақтың – ағзаның өзіне тән ішкі сағаттарының қалыптасуына мүмкіндік жасайды.
Кейбір ата-аналар балаларына белгілі бір музыканы немесе бесік жырын қосып қояды, осылайша, оларды «ұйқы» рәсіміне үйретеді, яғни бұл миға ұйықтайтын кез келді деген белгі береді. Тыныштандыру кезіндегі жеңіл фондық шуылдың болуы балаға дыбыстарға тым сезімтал болмауына көмектеседі.
Баланың жасына қарамастан оған күн сайын кітап оқып отырыңыз. Бұл ақыл-ойдың дамуына мүмкіндік беретін зейін бұрудың тамаша әдісі.
Баланың жақсы ұйқы әдетін қалай қалыптастыруға болады?
Негіздерін түсіну
Балаңыз қаншалықты ұйықтағысы келетіні жайында өзіндік ұғымы барын түсінуіңіз және қабылдауыңыз қажет. Және де бұл ұғым сіздікінен өзгеше болуы мүмкін.
Сіздің ата-ана ретіндегі міндетіңіз – ұйықтауға қажетті таза, қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қамтамасыз етіп, баланың қалаған кезінде ұйықтауына мүмкіндік беру. Сәбидің міндеті – ешбір проблемасыз және күш-қуат жинау үшін айтарлықтай ұзақ (қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт) ұйықтау.
Баланың жеке төсегі болуы тиіс және бала үнемі өз төсенгінде ұйықтауы керек. Бірақ бұл тек сөз жүзінде, негізінде нәрестелер ата-анасының төсегінде, қонақ бөлмеде, бесік арбада және қай жер ыңғайлы болса, сол жерде ұйықтап қалады.
Бала не болып жатқанын білетіндей ұйқы алдындағы әдеттегі тыныштандыру рәсімін жасаңыз. Жүйелілік пен тұрақтылық жылдам тынышталуға мүмкіндік береді. Бұл шынымен жұмыс істейді.
Түнде емізген кезде бала қайтадан тез ұйықтап қалу үшін оны қатты мазаламаңыз. Алдын ала шамның әлсіз жұмсақ жарығын ойластырыңыз.
Күндізгі ұйқы нәрестенің қалыпты дамуының өмірлік маңызы бар құрам бөлігі болып табылады. Күндіз жақсы ұйықтайтын балалардың әдетте түнгі ұйқысы да жақсы болатыны дәлелденген.
Кешкі уақытта балаға шамадан тыс белсенді болуға жол бермеңіз. Жылы ванна, жұмсақ киім, кітап оқу және соңғы түнгі емізу – қатты, ұзақ ұйқыға дайындаудың тамаша әдістері.
Баланы күндіз тым көп ұйықтатпаңыз. Әдетте нәресте үшін күндіз 3-4 сағат ұйықтау жеткілікті. Есіңізде болсын, балаңыз сіздің жалғасыңыз емес. Ол өзінің әдеттеріне қатты әсер ететін жеке темпераменті бар дара тұлға. Кейде сәби жақсы ұйықтайтын болады, ал кейде – керісінше. Жағдайларға қарай икемделіңіз: өзгерте алатын жайтты өзгертіңіз және баланың «ұйықтау» әдетіне қатаң шектеу қоюға тырыспаңыз.