Анашым, жақында мен де сізді жақсы көретінімді сөзбен айтып жеткізе аламын
Барлық ата-ана сәбиінің отыратын, еңбектейтін, алғашқы қадам жасайтын күнін, алғашқы тістерінің шығуын асыға күтеді. Бірақ, ең ұзақ күтетін оқиға — баланың алғашқы сөздері.
Балалар бұл процесте бірнеше кезеңнен өтіп, біртіндеп сөйлеуді үйренеді. Бір таңғаларлығы, бірінші кезең ананың құрсағында өтеді екен. Зерттеулер ұрықтың сөйлеуге жауап беретін ми бөліктерінде белсенділік жүктіліктің 7-ші айында пайда болатындығын көрсетті. Бұл анасы әдеттегіден гөрі қаттырақ сөйлегенде немесе сөздерді баяу және мәнерлеп айтқан сайын байқалады екен.
Сарапшылар сөйлеу мәнерінің бұлайша өзгеруі бала үшін тіл сабағының бір түрі деп санайды.
Жүктіліктің соңына қарай нәресте сөздерді ести алады. Жаңа туылған нәрестелерде аздаған, бірақ маңызды білім болады, мысалы, ана тілін шет тілінен ажырата алады. Алайда баланың сөйлеуінің дамуы қадам-қадаммен жүзеге асады.
Сонымен, балалар қашан сөйлей бастайды?
Балалар шамамен екі айынан бастап ыңылдай бастайды. Бұл дыбыстар сөйлеуді әрі қарай дамытудың негізі болып табылады. Төрт айлық нәресте былдырлай бастайды. Даму жалғасуда және он екі айға таман бала әдетте, қарапайым сөздерді айта бастайды. Екі жасында бала сөздерді байыптап айтады, ал үш жасында ол басқалармен сөйлесе бастайды. Кез келген басқа саланың дамуы сияқты, баланың сөйлеуінің дамуы белгілі бір кезеңдерден өтеді.
Баланың сөйлеу дамуының кезеңдері
1-3 ай
Бала ыңылдай бастайды. Бұл оның алғашқы дыбыстары. Бала ата-анасының назарын аудару үшін дыбыстарды қолдана отырып, дауыстық аппаратымен тәжірибе жасайды.
2-6 ай
Бала ерікті дыбыстарды айту арқылы былдырлайды, айналасынан еститін дыбыстарға еліктейді, сонымен қатар дауысты, кейде дауыссыз дыбыстарды айтады.
12 айға дейін
Бала «ана», «әке», «апа» деген айтылуы оңай, дауыссыз дыбыстар жиынтығы қосылған қарапайым сөздерін алғаш рет айтады. Алдымен ол бұл сөздерді оларға мән бермей еркін айтады. Бірте-бірте бұл сөздерді дұрыс бағыттап айтуды үйренеді.
12-18 ай
Бала айналасынан көрген заттардың атауларын (ойыншықтар, бөтелке, киім және т.б.), яғни бірнеше сөз айта алады. Мысалы, қарны ашса, «бөтелке» деп айтуы мүмкін. Басын шайқап, «жоқ» деп айтуы да мүмкін.
18-24 ай
Екі жасына қарай бала басқа адамдардан естіген сөздері мен сөз тіркестерін қайталайды. Оның сөздік қоры 50 сөзден тұрады: «сәлем», «сау бол», «кеттік» және т.б. Сөздік қоры көбейген сайын бала 4-6 сөзден тұратын қарапайым сөйлемдер құрауды үйренеді.
24-36 ай
Бала сөйлеу кезінде есімдіктерді қолданады. Бұл оның 1-ші және 3-ші тұлғаны қолданудың тілдік ережелерін түсінетіндігін білдіреді. Енді балаңызбен кәдімгідей сөйлесе аласыз, ол қарым-қатынас жасай алады. Бұл көрсеткішке жету баланың мектепке дейінгі жаста қол жеткізе алатын барлық сөйлеу дағдыларын толық меңгергенін білдіреді.
Сөйлеу қарым-қатынастың негізі болып табылады, олай болса, баламен қарым-қатынас жасау және оны үйрету үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашасыз. Түсіндіріңіз, әңгімелесіңіз, сұрақтарға жауап беріңіз. Ешқашан есіңізден шығармаңыз: сөйлеу ғана емес, тыңдау, білу және кішкентай тұлғаның қажеттіліктерін ескеру өте маңызды.