Жүктіліктің 38-ші аптасында денеңіз бен ағзаңызда болатын өзгерістер. Қалыпты салмақ қосу Жүктіліктің 38-ші аптасында денеңіз бен ағзаңызда болатын өзгерістер. Қалыпты салмақ қосу
Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 38-ші аптасында денеңіз бен ағзаңызда болатын өзгерістер. Қалыпты салмақ қосу

Әр әйел – дара жан! Генетика, жыныс, жас мөлшері, қоғам, рацион, кәсіп, өмір салты мен зат алмасу процесі әрқайсысымыздың салмағымыз қанша екеніне және өмір бойы қанша салмақ қосып, қанша салмақ жоғалтатынымызда маңызды рөл атқарады.

Жүктіліктің басында бойы мен салмағы орташа болған әйелдердің көбі толық 40 аптада 10 – 15 кг салмақ қосуы мүмкін. Көпұрықты жүктілік кезінде немесе белгілі бір асқыну болған жағдайда, салмақ көп қосылуы мүмкін.

Жүкті әйелдердің көбі бірінші триместрде өте аз салмақ қосады, ал кейбіреулері тіпті салмақ түсіруі де мүмкін. Тамақтану режимінің өзгеруімен қатар жүрек айнып жүрсе, бірнеше килограмм түсіруге алып келуі мүмкін. Алайда, әйелдердің көбі екінші және үшінші триместрде жоғалған салмақты қалпына келтіреді және ақырындап қосымша салмақ жинай бастайды.

Екі адам үшін тамақтану керек емес пе?

Жүкті әйел екі адам үшін тамақтануы керек деген ескі мәтелдің ғылыми негізі жоқ. Іс жүзінде, жүктілік кезінде екі есе порция жеу мен тамақтану жиілігін арттыру қажет емес, ол тіпті қауіпті болуы мүмкін. Тамақтануды көбейту емес, тамақтану сапасын жақсарту қажет.

Жүкті әйелдердің көбі рационның нәрлілігін шамамен 10 процентке арттыруды қажет етеді. Бірінші триместрде тәулігіне 420 қосымша килоджоуль, екінші триместрде – 1050, ал үшінші триместрде – 1255 дегенді білдіреді. Бұл бірінші триместрде қосымша қажеттіліктерді күніне бір стақан майсыз сүтпен, екінші триместрде бір уыс жаңғақпен және қосымша жеміспен, ал үшінші триместрде бірнеше жеміспен және бір тілім нанмен қанағаттандыруға болатынын білдіреді.

Қосымша салмақ қайдан алынады?

Жүктілік кезіндегі қосылатын салмақты анасының қосымша салмағы мен баланың салмағына бөлуге болады. Әйелдердің көбі үшін әдеттегі жүктілік кезінде өз салмағына 3 кг қосқаны қалыпты болып саналады. Артық салмақ санға, сираққа, бөксе мен қолға түседі, ол энергия «көздерінің» қызметін атқарады, ағза оны бала емізген кезде пайдалана алады.

Ана ненің есебінен салмақ қосады:

  • қосымша айналма қан көлемі;

  • судың тұрып қалуы мен сұйықтықтың жалпы көбеюі;

  • кеуденің қосымша салмағы;

  • кеңейген жатырдың қосымша салмағы;

  • қағанақ сұйықтығы мен бала жолдасы;

  • бала (нәрестенің орташа салмағы шамамен 3,5 кг).

Жүктіліктің ерте кезеңдерінде салмақтың көп бөлігі бала ағзасының емес, ана ағзасының өзгеруі нитежесінен қосылады. Өсіп келе жатқан ұрықтың тіршілігін сақтау, оны оттегімен және нәрлендіргіш заттармен қамтамасыз ету үшін көбірек қан өндіріледі.

Осы кезеңде аяғы ауыр әйелдің салмағының өзгеруі мен ауытқуы қалыпты болып саналады. Бірақ салмақтың кенеттен артуы немесе азаюы елеусіз қалмауы тиіс. Міне, сондықтан акушерлер мен дәрігерлердің көбі өз пациенттерінің салмағының өзгеруін қадағалайды, себебі бұл кейбір асқынудың көрсеткіші болып табылады. Жүкті әйелдердің көбі өз салмақтарын өздері бақылайды, олар апта сайын бір уақытта өлшеніп тұрады. Негізінде, жүктілік кезінде салмақ асықпай әрі біртіндеп қосылады.

Жүктіліктің екінші триместрінде аптасына 1,5 кг артық немесе үшінші триместрінде аптасына 900 г артық салмақ қосу акушермен немесе дәрігермен кеңесу үшін жеткілікті негіз болып табылады.

Әр триместрдегі орташа салмақ қосу анықтамасы:

  • 1-ші триместр: 900 г, барлығы – 1,8 кг.

  • 2-ші триместр: аптасына 500 г, барлығы – 5–6 кг.

  • 3-ші триместр: аптасына шамамен 500 г, барлығы – 3–5 кг-ға дейін.

ДСИ деген не?

Кейбір акушерлер мен дәрігерлер салмақтың мінсіз артуын бағалау үшін ДСИ (дене салмағының индексін) пайдаланады. Бұл адам ағзасындағы май үлесі, ол математикалық формуланың көмегімен анықталады: килограммен берілген салмақ шаршы метрмен берілген бойға бөлінеді. Орташа ДСИ 18,5 – 26 құрайды. Тым жоғары немесе төмен ДСИ дәрігердің жүкті әйелдің күн сайын қанша тамақ жеуіне қатысты кеңестеріне әсер етуі мүмкін.

Салмақ тастау қаншалықты ұзаққа созылады?

Сарапшылар жүктілік кезінде 9 ай бойы қосылған салмақты тастау үшін шамамен дәл сондай уақыт қажет деп санайды. Алайда, кейбір әйелдер «жүкті салмақты» жылдам тастайды, босанғаннан кейін бірнеше аптадан кейін-ақ өзінің әдеттегі киімін кие бастайды. Басқаларына бұл үшін көбірек уақыт қажет.

Кез келген басқа уақытта салмақ тастау үшін қолданылатын математикалық есептеулер босанғаннан кейін де пайдалануға жарамды. Ағзаға тағам (отын) түрінде неғұрлым көбірек энергия түссе, оны соғұрлым көбірек жұмсау керек. Артық тамақ май қорларына айналады. Артық салмақтан арылу үшін тамақтың дұрыс үлесін қадағалап, спортпен шұғылдану қажет.

Ал диета ше?

Жүктілік – диетаның уақыты емес. Нәрлілікті шектеу тоймауға алып келіп, құрсақтағы баланың дамуына кері әсер етуі мүмкін. Статистика бойынша, жүктілік кезінде диета ұстаған әйелдердің балалары мен туған кезде дене салмағы төмен болған сәбилер арасында шетінеу жағдайлары көп байқалады. Ал босанғаннан кейін тез салмақ тастау бала емізу проблемалары мен ананың әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Жүктілік кезіндегі жеткіліксіз салмақ мынадай проблемаларға алып келуі мүмкін:

  • Дене салмағы жеткіліксіз бала туу.

  • Мерзімінен бұрын босанудың жоғары қаупі және соған байланысты шала туған баланың проблемалары.

  • Сүт шығу мен сүттің жеткіліксіз болуының мүмкін проблемалары.

Тым төмен ДСИ немесе өте аз салмақ ұрықтану проблемаларына алып келуі мүмкін. Қалыпты етеккір циклі майдың бұлшықет салмағына шаққандағы дұрыс арақатынасы мен күнделікті теңгерімді тамақтануға байланысты.

Жүктілік кезіндегі артық салмақ проблемалар тудыруы мүмкін

  • Босану кезіндегі асқынудың жоғары қаупі.

  • Баланың артық салмағы және оның дүниеге келуіне байланысты проблемалар. Ірі баланың қанында қанттың шамадан тыс деңгейі анықталатыны жиі кездеседі.

  • Геморрой, созылу, жамбас қуысы түбімен байланысты проблемалар, несепті ұстай алмау.

  • Үлкен жайсыздық, әсіресе ыстық күнде.

  • Ісік, аяқтың ауыруы, аз қимылдау.

  • Жоғары артериялық қысым, преэклампсия мен гестациялық диабет дамуының жоғары қаупі.

  • Жүрекке, бауыр мен бүйрекке түсетін қосымша жүктеме.

  • Инсулинтөзімділік пен 2-типті диабеттің жоғары жиілігі.

Жүктілік кезінде салмақ қосу бойынша ең жақсы кеңес – тамақтың мөлшерін емес, оның сапасын ойлау. Бала жатырда жатқанда, дамуына қажетті барлық нәрлі заттар мен микроэлементтерді сіз арқылы алады, сондықтан ол толығымен сізге тәуелді. Шамадан тыс май қабатымен қапталған ішкі мүшелер тиісті түрдегідей тиімді жұмыс істемейді. Артық салмақтың энергияға, көңіл-күйге және жалпы ахуалға әсер етуі тым жағымсыз болғандықтан артық тамақтануды ақтай алмайды.

Денеңіздің тойғаны және асқазанда тамақтың жеткілікті екені туралы берген белгілерін естіп үйреніңіз. Тамақтанған кезде тойғаныңызды және қарныңыз аш еместігін ойлап көріңіз. Тамақтану уақытын жіберіп алмауға тырысыңыз, себебі денеңіз «ашығу режиміне» ауысып кетіп, метаболизм мен энергия тапшылығының бұзылу себебіне айналуы мүмкін.

Кеңестер мен сөзкөмек

  • Маршрутты, көлік тұрағын барлап алып, сапардың ұзақтығын анықтау үшін жолдасыңызбен перзентханаға келіп кетіңіз. Машинаны жолдасыңыз айдап барсын!

  • Қажеттінің қол астында болатынына көз жеткізу үшін перзентханаға қажетті тізімді тағы бір рет тексеріп шығыңыз.

EmptyView