Жүктіліктің 36-шы аптасында денеңіз бен ағзаңызда болатын өзгерістер
Сіз мәреге жетіп қалдыңыз. Болжамды босану күніне дейін 4 апта қалды, балаңыз болса жатырдан тыс өмірге күн сайын дайындалу үстінде.
Жүктіліктің 36-шы аптасында дауыл алдындағы тыныштық сезімі туындауы мүмкін. Күн сайын перзентіңізді қолыңызға алатын сәтке жақындай түсесіз, бірақ босануға дейін әлі уақыт бар. Болашақ аналардың көбі үшін бұл ойланып-толғанатын және жүктіліктің соңғы апталарында рақаттанып жүретін уақыт. Сізде қайтадан ғажайыпқа сену, елжіреу және денеңізге тәнті болу сезімі пайда болуы мүмкін. Немесе жай ғана баланы аман-есен көтеріп шыққаныңызды сезіп, соңғы бірнеше аптаның жоқ болып кеткенін қалайсыз.
Швабра мен шелек қайда?
Егер бір күні ояна салып, көзіңіздің ашылғанын сезсеңіз, таңқалмаңыз. Айналаңыз шаң және кір, сіз болсаңыз, оны бұрын қалай көрмей жүргеніңізді түсіне алмайсыз. Ұялау сатысына қош келдіңіз! Егер сіз өзіңізді аздап қалжырағандай сезіп жүрген болсаңыз, енді күтпеген жерден күш-қуатыңыздың артқаны таңқалдыратын болады. Сіз қораптарды реттеп, сұрыптап, ескі-құсқыдан құтылғыңыз келеді. Бала туғаннан кейін үйдің ішін толық тазалап шыққаныңызға риза боласыз. Босанғаннан кейінгі алғашқы апталарда үй шаруасымен айналысуға уақытыңыз болмайды. Алайда, кейбір әйелдер тым қатты беріліп кетіп, өздерін де, серіктерін де қатты қалжыратып жібереді. Екінші шаруаны жасамас бұрын, алдымен бір шаруаны тыңғылықты аяқтап алуға тырысыңыз. Егер туыстарыңыз немесе достарыңыз көмек қолын созса, келісіңіз. Бұл отбасылық байланысты нығайту мен жақсы естеліктер қалдырудың күшті мүмкіндігі болмақ.
Мен кінәлі емеспін!
Неліктен әйелдер жүктіліктің соңына таман өз «ұясын» жинай бастайды дегенге қатысты биологиялық түсініктеме бар. Табиғат-анаға қарсы келу өте қиын.
Осы аптадағы дене өзгерістері
Ұйқы осы аптада қол жетпейтін арман болып көрінуі мүмкін. Ішпен жату мүмкін емес, арқамен жатпаған дұрыс, бүйірмен жатып ұйықтау жалғыз дұрыс жол болып тұр. Проблема екі бүйірдің біреуін ғана таңдай алатыныңызда, сондықтан ақыр аяғында мықыныңыз бен аяқтарыңыз ауыруы мүмкін. Ыңғайлы көпшіктерді жан-жағыңыздан жастанып алыңыз да, одан да жұмсақ болу үшін жайма астына қосымша төсеніш қоюды ойластырыңыз. Бұл шынымен де көмектеседі.
Түнде бірнеше рет дәретханаға тұруға үйрене беріңіз. Жатырыңыз қатты үлкейгендіктен, қуығыңыз толып үлгермейді де, сіз кіші дәретке жиі-жиі барғыңыз келеді. Төсектен секіріп тұрмаңыз, қанқ ысымыңыз дене өзгерісіне бейімделгенше күте тұрыңыз. Дәретханадағы жарықты түнде өшірмеңіз, сонда түнде тұрғанда жолды оңай табасыз. Жүктіліктің 36-шы аптасында әйелдер өте ебедейсіз келеді, сондықтан қараңғыда бір нәрсеге шалынып қалмаудың амалын қарастыру керек.
Акушеріңіз немесе дәрігеріңіз сізді босанғанға дейін әр апта сайын қабылдауға шақыратын болады. Олар несеп талдамасын, артериялық қан қысымын, жатырдың салмағы мен көлемін өлшеуді қоса, әдеттегі зерттеулерді жүргізетін болады, жатырдың жүктілік мерзіміне сәйкестігін тексеру үшін жатыр түбінің биіктігін анықтайтын болады. Кез келген сәйкессіздік жағдайында, баланың өлшемін, қағанақ сұйықтығының мөлшері мен бала жолдасының өлшемін тексеру үшін сізді ультрадыбыстық зерттеуге жіберетін болады.
Ішіңіздің қимылдарын бақылау үшін күнде ара-тұра уақыт табуға тырысыңыз. Сіз кішкентай табанның, шынтақтың немесе тізенің шошайып тұрған кескінін көре аласыз. Егер ішіңізді саусағыңызбен сәл ғана қағып қойсаңыз, бала сізге жауап қайтарады. Жұбайыңыз жүктілік бақытын сізбен бірге бастан кешетіндей осы әсерлі сәттерді онымен бірге өткізіңіз. Егер ол басын ішіңізге қойып баламен сөйлесетін болса, бала әкесінің дауысына жауап ретінде қимылдауы мүмкін.
Жамбас сүйектері ажырайды, сондықтан ауырсыну мен жайсыздық сезімі туындауы мүмкін. Сіз қолыңызбен бел, іш, жамбас тұсын өздігінен, ойланбастан ұстай бересіз, тіпті тыржиып жүресіз. Сіз басқа да жүкті әйелдерге жаныңыз ашып қарайтын боласыз, олардың басынан не өтіп жатқанның бәрін жақсы түсінесіз. Жылы душ немесе ванна қабылдап, массаж алып, демалып, жай ғана өзіңізге көңіл бөлсеңіз, өзіңізге осы соңғы апталардан өтуге көмектесесіз.
Егер баланың басы жамбасқа түссе, сіздің тынысыңыз жеңілдейді, себебі өкпе мен көкет қалыпты жағдайына келеді. Қалыпты жағдайға жақындай түседі.
Осы аптадағы эмоциялық өзгерістер
Сіз балаңыздың жүзін көруге аз қалдыңыз, бірақ қазір босанар күн әлі жақындай қоймайтын сияқты болып көрінеді. Жүктіліктің тоғызыншы айы, әсіресе, қатты жайсыздық сезіп, жүктіліктен шаршап кеткен әйелдер үшін шексіз болып көрінуі мүмкін.
Егер үлкен балаларыңыз бар болса, оларға көбірек көңіл бөлу үшін сізде әлі бірнеше апта бар. Сіздің істейтін жұмысыңыз бен міндетіңіз әлі көп. Бірақ таңқалдыратыны, егер нақты дедлайн қойып қойса, көптеген нәрсеге қол жеткізуге болады. Сіз барлығын өзіңіз істемеуіңіз керек екенін есте сақтасаңыз болғаны. Шаруаларыңызды балаларыңыз бен жұбайыңызға тапсырып қойыңыз. Көптеген еркекке нақты тапсырма беру керек екенін ұмытпаңыз, сондықтан соңғы аптада тындыратын шаруалар тізімін жасауға кеңес береміз.
Осы аптада декреттік демалыс басталуы мүмкін, яғни, сіз жұмыстан психологиялық тұрғыда ажырауыңыз қажет. Сіз оны қуана-қуана немесе жұмысыңызды жақсы көрсеңіз, мұңайя қабылдауыңыз мүмкін. Ата-ана болу дегеніміз біздің өзімізге деген көзқарасымыздың және дүниедегі өзіміз үшін анықтаған орнымыздың қалай өзгеретінін түсінуді білдіреді. Өзіңізге бейімделуге уақыт беріңіз.
Баланың осы аптадағы өзгерістері
Баланың осы аптадағы салмағы шамамен 2,7 кг және бойы шамамен 51 см. Егер бала 36-шы аптада туса, оған ерекше күтім қажет болмауы да мүмкін және ол өздігінен тыныс ала алады. Алайда, емізу мен соруға қатысты белгілі бір проблемалар болуы мүмкін.
Баланың ішегі тоңғаққа – баланың алғашқы нәжісі болатын жабысқақ қара затқа толы. Кейбір балалар жатырда жатқанда іштегі тоңғақты шығарады және бұл олардың күйзеліске түскенінің белгісі. Мұндай жағдайда қағанақ сұйықтығы ластануы мүмкін, мөлдір әрі сулы сұйықтықтан жасыл түске өзгеруі мүмкін. Егер сіз судың кетіп жатқанын байқасаңыз, жылдам акушерге немесе дәрігерге қаралған дұрыс.
Баланың бас сүйегі күрделі құрылым болып табылады, оның сүйектері бала өсе келе бітеді. Босану кезінде баланың бас сүйегі анасының босану жолының пішініне бейімделіп алғаны маңызды. Егер бұл сіздің алғашқы жүктілігіңіз болса, баланың басы дәл осы аптада жамбасқа түсе бастауы мүмкін.
36-шы аптада бала туу қалпында орналасатын болады. Оған енді орын аз, ол емін-еркін айналып, қимылдай алмайды. Егер бала баспен келмесе, акушермен немесе дәрігермен туу жолдарын талқылап алғаныңыз жөн.
Осы аптада қажет кеңестер
Тісіңізді тазалап жүруді ұмытпаңыз! Қызыл иек жұқпасы мерзімінен бұрын босануға алып келуі мүмкін, сондықтан тісті күніне кемінде екі рет тазалау қажет, тіс жібін пайдаланып, үнемі стоматологқа қаралып тұру қажет. Егер сіз жүктілік кезінде стоматологқа бармаған болсаңыз, осы аптада жазылып қойыңыз.
Достарыңыз бен отабасыңыз балаға ат таңдасып, неше түрлі есімдер ұсынатыны анық. Жұбайыңыз екеуіңіз ұсынылған нұсқаларды тағы бір рет талқылап шығыңыздар, бәлкім, ойларыңыз өзгеруі мүмкін.
Күндіз 1 сағаттай ұйықтап алуға тырысыңыз. Күндіз көп ұйықтасаңыз, түнде ұйықтай алмауыңыз мүмкін.