Сәби және жануарлар
Отбасында сәби дүниеге келгелі жатқанда үй жануарларын не істейміз деген мәселе ата-аналарды өте жиі мазалайды. Бұл жануардан құтылатын кез келді дегенді білдірмейді. Сәби мен жануардың бір үйде болуы тек жақсы эмоциялар алып келіп, пайдалы әрі жағымды болуы үшін қажеттінің барлығын жасау керек.
Әрине, бәрінен бұрын гигиена, мүмкін болатын аллергия немесе жануарлардан балаға берілуі мүмкін жұқпа мәселесі туындайды. Алайда, осы сұрақтарға дәрігер жауап беруге көмектеседі. Біз осындай қарым-қатынастарды психологиялық тұрғыдан қарастырайық.
Ересектер сәби дүниеге келгенде жануарлар қызғанып, сәбиге қандай да бір зиян тигізіп қоя ма деп қорқады. Мұнда, негізінде, жануарға сіз оны тастап кетпегеніңізді, сіз оны бұрынғыдай жақсы көретініңізді, бірақ оның кішкентай «інісінің» немесе «қарындасының» пайда болғанын көрсеткен маңызды.
Бұл біртүрлі естілгенімен, жануарлар – отбасының толыққанды мүшесі. Демек, жануарға да барлығын үлкен балаға түсіндіргендей түсіндіру қажет.
Жүктілік кезінде жануарды өзіңізден бөлек жатқызып, тізеңізге отырмауға үйретіңіз. Себебі көп ұзамай бұл орынға сәбиіңіз ие болады.
Сіз туыстарыңыздан үйге нәрестенің жаялығын алдын ала беріп жіберсеңіз болады. Осылайша туыстарыңыз жануарды отбасының жаңа мүшесімен алдын ала «таныстыра» алады. Осындай жағдайда үй жануары баланы ізгі ниетпен қарсы алуы мүмкін. Егер сіздер байланыс орната алсаңыздар, онда жануарыңыз сәбиге ең қамқор әрі адал күтуші бола алады.
Үй жануары балаға кездейсоқ немесе әдейі зиян келтірсе, оны ұруға немесе үйден қууға болмайды. Сәбидің төсегіне жатуға болмайтынын, оның емізігін емуге, сәбиді тістеуге немесе тырнауға болмайтынын түсіндіру қажет. Жануарды жаңа өміріңізге қосыңыз. Сәбиге кітап оқыған кезіңізде немесе серуендеуге шыққанда жануарыңыздың жаныңызда болуына мүмкіндік беріңіз.
Егер тіпті жануармен толыққанды қарым-қатынас жасауға уақытыңыз мүлдем болмаса да, оны ешбір жағдайда елеусіз қалдырмаңыз. Үй жануары қожайындар өзін жақсы көрмей қалды деп ойлауы мүмкін. Ол кек ала бастауы мүмкін. Бұндайда мысықтар аса сезімтал әрі «қауіпті» болып табылады, себебі олар кекшіл келеді. Иттер ренжуі мүмкін, бірақ сәбиге әдейілеп зиян келтіру жағдайлары сирек болады. Алайда, үлкен иттер өз күштеріне ие бола алмай, баланы кездейсоқ жарақаттап алуы мүмкін.
Есіңізде болсын, бала жануардан қорыққаннан кенет жылап жіберуі, оған еріксіз тиіп кетіп, бір жерін ауыртып алуы мүмкін. Мұндай жағдайда жануарда қорғаныш реакциясы оянып кетуі мүмкін.
Бала сәл өсіп, белсенді қимылдай бастағанда баланың байқаусызда жануарға, әсіресе кішкентай жануарға (марғауға, күшікке, атжалманға) зиян келтіріп алмауын мұқият қадағалау керек. Сәби осы жаста өз күшін басқара алмайды, сондықтан жануарға зақым келтіріп алуы мүмкін. Сәбидің әрекеттері, әсіресе жануарды ызаландырғанда немесе құйрығынан тартқанда оның агрессиясын тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда жануардың ауыратынын, оған бұлай істеу жағымсыз және ол да жауап ретінде бір жерін ауыртып қоюы мүмкін екенін балаға түсіндіру қажет.
Осылайша, бала бірте-бірте басқалардың, соның ішінде жануарлардың пікірлерін ескеруді үйренеді. Егер ересек адам сәбидің оны ренжіткеніне немесе бір жерін ауыртқанына көніп, үндемей қоя салуы және кешіре салуы мүмкін болса, жануарлар инстинкт негізінде әрекет етеді. Ал өзін-өзі сақтау инстинктін ешкім шектей алмайды. Ерте ме, кеш пе сәби өз қызығушылықтарымен ғана емес, басқалардың да сезімдерімен санасуы керек екенін түсінеді.
Психологтар жануарлармен бірге өсетін сәбилердің айтарлықтай тез дамитынын дәлелдеген. Олар ақылды ғана болып қоймай, мейірімді, адамдармен қарым-қатынаста адал болады.